Әлемдік хабарламалар

Қоштасу құтпасы

----2026 ж. 19 мамыр
Қоштасу құтпасы

Уа, адамдар!

Сөзімді мұқият тыңдаңыздар.

Білмеймін, мүмкін осы жылдан кейін сіздермен мұнда мәңгілікке қайта кездесе алмайтын шығармын.

Уа, адамдар!

Арафа күні қалай қасиетті күн болса, Зүлхижжа айы қалай қасиетті ай болса, Мекке қаласы қалай қасиетті қала болса; жандарыңыз, малдарыңыз, ар-намыстарыңыз да солай қасиетті, барлық шабуылдан қорғалған.

Сахабаларым!

Ертең Раббыларыңызға жолығасыздар және бүгінгі әрбір іс-әрекеттеріңізден сұраласыздар. Менен кейін бұрынғы адасушылықтарға қайта оралып, бір-бірлеріңізді өлтірмеңіздер. Осы өсиетімді мұнда барлар жоқтарға жеткізсін. Мүмкін жеткізілген адам, мұнда болып естігеннен де жақсы түсініп, сақтап қалар.

Сахабаларым!

Кімнің жанында аманат болса, оны иесіне қайтарсын.

Пайыздың барлық түрі жойылды, аяғымның астында.

Алайда қарызыңыздың негізін қайтаруыңыз керек. Зұлымдық жасамаңыздар және зұлымдыққа ұшырамаңыздар.

Алланың әмірімен өсімқорлық енді тыйылды. Надандықтан қалған бұл жаман әдеттің барлық түрі аяғымның астында. Алғаш жойған өсімім — Абдулмутталибтің ұлы Аббастың өсімі.

Сахабаларым!

Надандық дәуіріндегі қанға-қан даулары да жойылды. Алғаш жойған қан дауым — Абдулмутталибтің немересі Рабиғаның қан дауы.

Уа, адамдар!

Бүгін шайтан сіздердің осы жерлеріңізде қайтадан әсер мен билік орнату күшін мәңгілікке жоғалтты. Бірақ мен жойған нәрселерден басқа, ұсақ деп санаған істерде оған ерсеңіздер, бұл да оны қуантады. Діндеріңізді сақтау үшін бұлардан сақтаныңыздар.

Уа, адамдар!

Әйелдердің құқықтарын қорғауды және бұл мәселеде Алладан қорқуды кеңес етемін. Сіздер әйелдерді Алланың аманаты ретінде алдыңыздар; олардың ар-намысы мен пәктігін Алла атымен уәде беріп, өздеріңізге адал еттіңіздер. Сіздердің әйелдеріңізде, олардың да сіздерде құқықтары бар. Сіздердің әйелдеріңіздегі құқығыңыз — олардың отбасын, ұнатпаған ешкімге таптатпау. Әйелдердің де сіздердегі құқығы — дәстүрге сай барлық тамақ және киімдерін қамтамасыз етуіңіз.

Уа, мүміндер!

Сіздерге екі аманат қалдырамын, оларға берік ұстансаңыздар, жолдан ешқашан адаспайсыздар. Бұл аманаттар — Алланың кітабы Құран Кәрім және Пайғамбардың сүннеті.

Уа, мүміндер!

Сөзімді мұқият тыңдаңыздар және жақсы сақтаңыздар! Мұсылман мұсылманның бауыры және барлық мұсылмандар бауыр. Дін бауырыңызға тиесілі кез келген құқыққа қол сұғу — рұқсат етілмейді. Тек көңіл қалауымен берілгені басқа.

Сахабаларым!

Өздеріңізге де зұлымдық жасамаңыздар. Нәпсілеріңіздің де сіздерде құқығы бар.

Уа, адамдар!

Раббыларыңыз бір. Әкелеріңіз де бір. Барлығыңыз Адамның балаларысыздар, Адам болса топырақтан. Арабтың араб еместен, араб еместің арабтан артықшылығы жоқ; қызыл терілідің қара теріліден, қара терілідің қызыл теріліден артықшылығы жоқ. Артықшылық тек тақуалықта. Алланың алдында ең қадірлілеріңіз — Одан ең көп қорқатындарыңыз.

Уа, адамдар!

Жаратушы Ие әрбір құқық иесіне құқығын берді. Әркім өзі жасаған қылмысы үшін жауапты. Әке баласының, бала әкесінің қылмысы үшін жауапты емес.

Назар аударыңыздар! Мына төрт нәрсені мүлде жасамаңыздар:

Аллаға ешнәрсені серік қоспаңыздар.

Алла тыйым салған және қол сұғылмайтын жанға әділетсіздікпен қол жұмсамаңыздар.

Зина жасамаңыздар.

Ұрлық жасамаңыздар.

Уа, адамдар!

Ертең мені сіздерден сұрайды. Не дейсіздер?

Сахабалар жауап берді:

"Алланың елшілігін жеткіздің; елшілік міндетін орындадың, бізге өсиет пен насихат бердің деп куәлік етеміз."

Расулулла саусағын көкке көтеріп, үш рет

"Куә бол! уа Раббым!

Куә бол! уа Раббым!

Куә бол! уа Раббым!"

Хазреті Мұхаммед Саллаллаһу Алейхи уә Сәлләм

Бұл мақаланы ұнаттыңыз ба?

Достарыңызбен бөлісіңіз